College Caspian-де өткен «ProПраво» олимпиадасы: құқықтық сауаттылық — саналы таңдаудың негізі

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында College Caspian қабырғасында «ProПраво: Заңды біл – кәсіби жолды сенімді баста» атты «Құқық негіздері» пәні бойынша қалалық олимпиада өтті. Интеллектуалдық сайысқа Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 9-сынып оқушылары қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл жас ұрпақтың құқықтық мәдениеті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудың маңыздылығын айқын көрсетті.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды:

Бірінші кезеңде қатысушылар адам құқықтары, әділеттілік және азаматтық жауапкершілік тақырыптарында эссе жазды. Оқушылар өз ой-пікірлерін ашық білдіріп, көзқарастарын дәлелдеп, сыни ойлау қабілеттерін көрсете білді.

Екінші кезеңде қатысушылар нақты кейс-ситуацияларды шешіп, құқықтық жағдайларды талдады, олардан шығу жолдарын заң нормаларына сүйене отырып ұсынды және теориялық білімді тәжірибеде қолдана алатындарын дәлелдеді.

Бұл олимпиада тек зияткерлік сайыс қана емес, сонымен қатар қатысушылар үшін пікір алмасу, өзара тәжірибе бөлісу және болашаққа шабыт алу алаңына айналды. Олимпиада барысында қалыптасқан атмосфера оқушылардың заңгер мамандығына деген қызығушылығын арттырып, саналы кәсіби таңдау жасауға ықпал етті.

Олимпиада нәтижесі бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

I орын — Ерланқызы Томирис

II орын — Шевцова Анна

III орын — Әбдіғапар Асылай

College Caspian барлық қатысушыларға, мұғалімдерге және серіктестерге белсенді атсалысқандары мен іс-шараны өткізуге қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді. Осындай бастамалар жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін дамытуға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға септігін тигізетініне сенімдіміз.